Аймақтар • 25 Тамыз, 2017

Қазақ энергетика ғылымының атасы Шапық Шөкинге ескерткіш орнатылды

1605 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ш.Шөкин атындағы Қазақ энергетика ғылыми- зерттеу институтында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ғалым-энергетик, еліміздегі энергетика ғылымының негізін қалаушы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Шапық Шөкіұлы Шөкинге ескерткіш орнатылды. Бұл шара академиктің туғанына 105 жыл толуына орайластырылған.

Қазақ энергетика ғылымының атасы Шапық Шөкинге ескерткіш орнатылды

Көрнекті қазақ энергетигі Шапық Шөкин – Қазақстан энергетикасын дамытуға арналған «Қазақстан энергетикасы», «Ауылшаруашылығын энергиямен қамтамасыз етудің ғылыми негіздері», «Қазақстан энергетикасын дамытудың негіздері», «Энергетика және Қазақстанның су шаруашылығы», «Қазақстанның жылу-энергетикалық балансы» сияқты 500-ден аса ғылыми еңбектің авторы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы академик Шапық Шөкинге «Халық Қаһарманы» атағын берген болатын.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек Шапық Шөкиннің жаңашыл ғылыми еңбектері арқылы өз кезеңінің қоғамдық  сананы жаңғыртушысы болғандығын атап өтті. «Ол Қазақ энергетика ғылыми- зерттеу институтының алғашқы директоры болды. Академик Шөкин басқарған кезде институт еліміздегі құнды эксперименталды базасы бар, тіпті кейбір зерттеулері бойынша әлемде баламасы жоқ ірі  әрі жаңашыл ғылыми мекемеге айналды. Қазақстанның энергетика саласындағы ғылыми жаңалықтарының барлығы осы институтпен байланысты. Шапық Шөкиннің тікелей араласуымен Қазақстан энергетикасы ғылыми-техникалық болжамының кешенді жүйесі, Ертіс-Қарағанды каналының, Қапшағай гидроэлектростанциясының жобалары жасалды», – деді Алматы әкімі.

Біршама уақыт бұрын Алматы әкімдігі Шапық Шөкин ескерткішінің үздік эскизіне ашық байқау жариялап, сол байқаудың нәтижесінде, Қазақстанда қойылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия шешімімен Қазбек Жарылғапов пен Мирлан Азмағамбетов жасаған эскиз үлгілері үздік деп танылған еді.

Салтанатты шараға академиктің ұлы Қанат Шөкин, энергетика ғылыми-зерттеу институтының президенті Халық Абдуллаев, Алматы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов,  археолог ғалым Карл Байпақов, Алматы мәслихатының депутаты Нұрлан Мұхамед-Рахимов, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен ардагерлері қатысты. 

Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар